Қазақстанның газ саласы посткеңестік елдер арасында ең үздігі деп танылды.
Neftegaz.RU Ресей іскерлік басылымы өз сайтында бұрынғы Кеңестер Одағы елдерінің газ тасымалдау жүйелеріне салыстырмалы талдау келтірілген талдамалық мақала жариялады. Мамандар газ саласын дамытудың ең сәтті серпіні Қазақстан Республикасында деген пікірге келді.
Жарияланымда, ірі газ кен орындары бұрынғы одақтың түкпір-түкпірінде молынан ашылғандығын атап өткен. Газ құбырларының және ілеспе технологиялық инфрақұрылымдардың құрылысы қарқынды жүргізілді. Бұл көмірсутегіне бай республикалардың, ол кездегі жетекші технологиялар мен жабдықтар құрылысы пайдаланылған магистральдық газ құбырларымен (МГҚ) және мен жер асты сақтау қоймаларымен (ЖАСҚ) өркендей түсуіне әкелді. Бірақ, КСРО құлағаннан кейін бұрынғы одақ республикаларына газ тасымалдау жүйелерін (ГТЖ) дербес дамытуға тура келді.
Бұл ретте, мақал авторлары бұрынғы одақтас елдердің барлығы бірдей осы салада сәтті жұмыс істеп кете алмағанын атап өткен. Оған себеп – ішкі проблемалар, қаржыландырудың жетіспеушілігі, сыртқы нарықтағы өте жоғары бәсекелестік, экспортқа бағдарланған инфрақұрылымның болмауы.
Сарапшылар Тәжікстан, Әзірбайжан, Армения және Молдова сияқты мемлекеттердің газ тасымалдау жүйелерін салыстыра бағалайды. ГТЖ-ны салыстыра отырып мамандар газ құбырларының тозу дәрежесін, жүргізілген жаңғыртуды және газ саласындағы меншікті жобаларды іске асыруды есепке алды.
Ресейлік талдамашылардың пікірі бойынша тұрақтылық және ұзақ мерзімдік оң серпін Қазақстанда ғана байқалады. Бұл жерде газ саласы толықтай «апгрейдке» ұшыраған және газ тасымалын дамыту жөніндегі көптеген жобалар іске асырылған, саланың негізгі қорлары толықтай жаңартылып, барлық газ құбырлары бірыңғай газ тасымалдау жүйесіне біріктірілген. ҚазТрансГаз мемлекеттік компаниясы 55 мың шақырымнан астам газ құбырларын басқарады, оның 19 мың шақырымы – магистральдық желі. Әрі олардың ұзындығын 1/3 ұлғайту соңғы 5-6 жылда атқарылды – осының өзі ірі жетістік. Елдің ГТЖ-нің жай-күйі өте жақсы қалыпта және жылына 85 млрд м3 дейін газ өткізуге қабілетті, перспективада газ айдау көлемін жылына 120 млрд м3 дейін ұлғайтуға мүмкіндігі бар. Мысалы, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» МГҚ құрылысының арқасында Қазақстан 3 маңызды міндеттің шешімін тапты – оңтүстікке тұрақты газ жеткізуді қамтамасыз ету, газ тасымалдаудың бірыңғай жүйесін құру және экспортты ұлғайту.
Осылайша, ҚазТрансГаз, сарапшылардың бағасы бойынша Орта және Орталық Азияда газ ағындарының маңызды және технологиялық аса қуатты операторына айналды. Мақалада – оның ТМД газ компаниялары арасында ең жылдам дамып келе жатқан компания екендігі айтылған.