«БОЗОЙ» КОМПРЕССОРЛЫҚ СТАНЦИЯСЫНДА ТМД АУМАҒЫНДА ТЕҢДЕСІ ЖОҚ ГАЗ АЙДАУ АГРЕГАТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығын атап өту шеңберінде Ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ мен «Trans-Asia Gas Pipeline Company Limited» компаниялары «Бейнеу-Бозой-Шымкент» (ББШ) магистральдық газ құбырының (МГҚ) «Бозой» компрессорлық станциясында (КС) газ айдау агрегатын пайдалануға енгізді. «Бозой» компрессорлық станциясы ең озық технологиямен жабдықталған кешен және оның түрлі қысымдағы екі газ құбырынан газ қабылдай алатын бірегей мүмкіндігі бар. Газ «Бұқара-Орал» және «Орта Азия-Орталық» МГҚ алынатын болады. Компрессорлық станция арнайы тапсырыс бойынша жасалған және әлемдік практикада бұрын қолданылмаған инновациялық «back-to-back» газ айдау агрегаттарымен жабдықталған. Газ айдау агрегаттарын іске қосу шарасын Бірыңғай диспетчерлік пунктте «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы С.М.Мыңбаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ вице-президенті Қ.Қ.Шәріпбаев және CNPC корпорациясының бас директоры Чжан Цзяньхуа жүзеге асырды. Салтанатты шара барысында сөз алған «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы С.М.Мыңбаев қытайлық әріптестерге бірлескен жұмыс үшін алғыс білдіріп, бұл жоба Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың газ саласының алдына қойған маңызды міндеттердің бірін шешуге зор ықпалын тигізгенін атап өтті. «Біз бүгін еліміздің газ саласы үшін маңызы зор оқиғаның куәсі болып отырмыз. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» МГҚ салу »«Бозой» КС салу Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы үшін аса маңызды болып отыр. КС салу туралы шешімнің қаншалықты өзекті және уақытылы қолға алынған жоба екендігін шешімін тапқан мына мәселелерден-ақ аңғаруға болады, яғни салынып жатқан «Қараөзек» КС іске қосылған соң газ гасымалдауды жылына 10 млрд. текше метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік туды. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырының тиімділігі артты және еліміздің батыс өңірлерінен оңтүстік облыстарына үздіксіз газ беру қамтамасыз етілді». CNPC корпорациясының бас директоры Чжан Цзяньхуа Қазақстан мен Қытайдың әріптестігінің маңызы үлкен екенін атап өтті. «Бозой» КС іске қосылуы ҚазМұнайГаз, ҚазТрансГаз және CNPC компанияларының бірлескен жұмысындағы үлкен кезең. Бұл жоба әлдеқайда көбірек қазақстандықтар көгілдір отынның қызығын көріп, Қытайға газ экспорттауға мүмкіндік береді. Қытай мемлекетінің «Бір белдеу-бір жол» атты бастамасы Қазақстан Президентінің инфрақұрылымды дамытуға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасымен үндестік тауып отыр» – деп атап өтті Чжан Цзяньхуа. «ББШ» МГҚ тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ірі құбыржолы жобасы болып табылады. Оның құрылысын салу үдемелі индустриялық-иновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға енгізіліп, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін нығайтуға, қазақстандық газ экспортын әртараптандыруға бағытталған. «Бозой» КС пайдалануға енгізу, егемен Қазақстанның газ саласы тарихындағы және «Ұлы дала энергиясын» игеру жолындағы мәресіне жеткізілген тағы бір маңызды бастама. Бүгінгі оқиға «ҚазТрансГаз» компаниясының стратегиялық басымдығына сәйкес іске асырылды, ол еліміздің оңтүстік өңірлерін отандық көгілдір отынмен қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қазақстанның Қытай Халық Республикасымен достық қарым-қатынасын нығайтуға мүмкіндік береді.