Түркістан облысында газдың шығып кетуін жою бойынша оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылды
«Қазақстан-Қытай» магистралдық газ құбырында бірлескен апаттық оқу-жаттығу жиыны өтті. Шараға «QazaqGaz» ҰК» АҚ еншілес ұйымдары – «Бейнеу-Шымкент газ құбыры» ЖШС, «Азия газ құбыры» ЖШС және «Интергаз Орталық Азия» АҚ, «QazaqGaz Өнімдері» қатысты.
Оқу-жаттығу аясында «Қазақстан-Қытай» СКС-2 магистральдық газ құбырының, «Ақбұлақ» Газ өлшеу станциясы учаскесінде газ құбырының екі жерінде газдың шығып кетуі имитацияланды. Апаттық бригадалар құбырдағы газдың шығып кетуін дер кезінде анықтай алды. Осындай жаттығулардың арқасында штаттан тыс жағдайлар кезінде авариялық бригадалардың жедел әрекет ету дағдылары қалыптасады.
«QazaqGaz, жауапкершілігі жоғары жұмыс беруші ретінде, әрбір қызметкер үшін қауіпсіз жұмыс жағдайын жасайды. Осындай іс-шаралар арқылы жұмыс орнындағы еңбек қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастырамыз. Бұл біздің басты стратегиямыз. Қолға алынған жұмыстың нәтижесінде түзету шараларының жоспары жасалады», – деді «QazaqGaz» ҰК» АҚ HSE қызметінің басшысы Алтай Джакубалиев.
«Қазақстан-Қытай» және «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырларын бірлесіп пайдаланатын QazaqGaz және Trans-Asia Gas Pipeline Company Limited компанияларының өкілдері үшін мұндай оқу-жаттығу жиыны алғаш рет ұйымдастырылып отыр.