Ақтөбе қаласында автокөліктерді метан газымен жабдықтайтын алғашқы станция ашылды.
БАСПАСӨЗ-ХАБАРЛАМАСЫ
Ақтөбе қ. |
2017 ж. 21 желтоқсан |
Ақтөбе қаласында автокөліктерді сығымдалған метан газымен жабдықтайтын компрессорлық станцияның (АГТКС) ашылу салтанаты өтті. Жобаны Ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ Ақтөбе облысында автокөліктерді сығымдалған табиғи газға (СТГ) ауыстыру бағдарламасы шеңберінде іске асырды.
Осы жобаны іске асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге Ақтөбе облысының әкімдігі мен «ҚазТрансГаз» АҚ 2015 жылы қол қойған болатын.
Ұлттық газ операторы Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 30 мамырдағы Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының «Жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамасы шеңберінде ел өңірлерінде ауқымды жұмыс жүргізуде.
Аталған құжаттың негізгі мақсаты – бензин немесе дизель секілді дәстүрлі отын түрлерін қолданатын автокөліктерді мотор отынының экологиялық таза және неғұрлым үнемді түріне ауыстыру есебінен экологияны жақсарту болып табылады.
Автомобильдік газ толтыру компрессорлық станцияларын салу және пайдалану тәжірибесін ескере отырып, Ақтөбе облысының аумағында АГТКС жобасын іске асыру жөніндегі бірыңғай оператор ретінде «ҚазТрансГаз» АҚ-ның еншілес компаниясы – «ҚазТрансГаз Өнімдері» ЖШС белгіленді.
Автобус парктері, жеке тұлғалардың жолаушылар көлігі, «ҚазТрансГаз» АҚ еншілес компанияларының өңірлік филиалдарының жүк және жеңіл автокөліктері, сондай-ақ жеке автокөліктер сығымдалған газдың негізгі тұтынушыларына айналады. Оператор «ҚазТрансГаз Өнімдері» ЖШС сығымдалған табиғи газбен жүретін автобус паркін құру жоспарын үйлестіре отырып, станциялардың құрылысын іске асыруда.
Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов бұл жобаның маңызды екенін атап өтті. «Әкімшілік инфрақұрылымдық қолдау білдірді. Енді метанмен жүретін автобустар сатып алынып жатыр. Қала экологиясына, жолақыға және көлік отынының бағасына да өте қолайлы. Болашақта осындай қауіпсіз станцияларды көбейтуге күш саламыз» – деп атап өтті.
Бастапқы сатыда Ақтөбе қаласында сығымдалған газбен жүретін 50 автобусқа қызмет көрсетілсе, келесі жылы мұндай автобустар саны 200 данаға дейін жеткізілмек. Бұл ретте, газ толтыру станциялары тәулігіне 400 автокөлікке дейін газ толтыра алады. Келешекте, 2022 жылға дейін аймақта тағы да 6 АГТКС салынатын болады. Автомобильдік газ толтыру компрессорлық станциялары облыстың автопаркін ғана емес, ресейлік Самараға шығатын Орынбор және Орал бағытындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» бағытындағы транзиттік автокөліктерді де осы отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұл мемлекет Басшысының Қазақстан аумағында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трансконтиненталдық автобан бағытында толық инфрақұрылым құру туралы тапсырмасына да сәйкес келеді.
Анықтама: 2014 жылғы ақпанда «ҚазТрансГаз» АҚ және «Газпром газмотор отыны» ЖШС арасында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік бағыт бойынша және шекара қасындағы аудандардағы газ толтыру инфрақұрылымдарын дамыту жөніндегі әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар, 2022 жылға дейін Қазақстан Республикасында автомобильді газ толтыру компрессорлық станцияларының желілерін дамытудың перспективалық жоспары әзірленді. Ақтөбе облысы бойынша осы аймақты газдандыру жоспарына сай түрлі қуаттылықтағы 7 станцияны салу қарастырылып отыр. Бүгінгі күні республика бойынша «ҚазТрансГаз Өнімдері» ЖШС-не тиесілі 6 автомобильді газ толтыру компрессорлық станциясы жұмыс істейді.
Компрессорлық станцияда 200 – 250 бар (196-245 кг/см2) қысымға дейін сығылған (сығымдалған) газ іштен жану қозғалтқыштарында моторлық отын ретінде пайдаланылады. Бүгінгі күні Қазақстанда автокөліктік отын ретінде сығымдалған табиғи газды (метан) емес, сұйытылған көмірсутегін (пропан-бутан қоспасы) жиі қолданады. Ол 16 атм. қысымдағы баллондарда сұйытылған түрде болады. Мұндай қоспа анағұрлым «лас» және сұйытылған табиғи газбен салыстырғанда қолдануға қауіпті отын деп есептеледі. Бұдан бөлек сұйытылған газ қолданатын моторда қозғалтқыш қуаты 30%-ға дейін төмендейтін себепті ауыр жүк көліктерінде қолданылмайды.
«ҚазТрансГаз» АҚ баспасөз-қызметі
Тел: +7(7172) 55 23 16