«Бейнеу-Шымкент газ құбыры» ЖШС 2021 жылдың қорытындысы бойынша есептік кездесу өтті
Еңбек ұжымымен кездесуді Бас директордың бизнесті қолдау жөніндегі орынбасары Ван Хэнлин ашып, Бас директордың орынбасары – Бас бухгалтер Санжар Шабдукаримовке сөз берді.
Баяндамада өткен жылғы өндірістік қызмет қорытындылары бойынша оң көрсеткіштер атап өтілді. Барлық инфрақұрылым штаттық режимде жұмыс істеді, тұрақты және үздіксіз газ тасымалдау қамтамасыз етілді.
Өткен жылдың сәуір айында «Бейнеу-Шымкент газ құбыры» ЖШС «Қорқыт Ата» компрессорлық станциясын сатып алды, ал мамыр айында «Ақбұлақ» газ өлшеу станциясының қуатын жылына 15 млрд.м3 дейін кеңейту бойынша жұмыс жүргізілді. Желтоқсан айында «Бейнеу» газ өлшеу станциясы пайдалануға қабылданды және «Бозой» компрессорлық станциясын кеңейту бойынша іс-шараларды іске асыру басталды.
Компания ұжымының алдына 2022 жылға міндеттер қойылды. Атап айтқанда, жұмыстың сенімділігін, барлық өндірістік активтерге уақытылы жоспарлы қызмет көрсету мен жөндеуді қамтамасыз ету, барлық объектілерде қауіпсіздік, еңбекті қорғау және экологиялық нормалар талаптарының сақталуына тұрақты бақылау жүргізу. Сондай-ақ, «Бейнеу-Шымкент» магистральдық газ құбырының барлық объектілерінің құрылысын аяқтап, телекоммуникациялар жүйесі мен SCADA (2-кезең) пайдалануға беру қажет.
Есеп беру кездесуінің соңында Бас директор Цзян Цзиньтянь мырза барлық қызметкерлерге қол жеткізген нәтижелері үшін алғысын білдірді және биылғы жыл жемісті болады деп үміт артты. Ол «Бейнеу-Шымкент газ құбыры» ЖШС ұжымын келе жатқан Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтады.