Қарағанды көмір бассейнінің көмір қабаттарынан метан игеру жөніндегі жобаны іс жүзінде жүзеге асыру басталды.
Қарағанды облысының әкімдігінде Қарағанды көмір бассейнінің көмір қабаттарындағы метанды барлау, өндіру және өнеркәсіптік игеру жөніндегі жобаны іске асырудың ағымдағы жай-күйі және одан арғы перспективалары жөніндегі жұмыс кеңесі өтті.
Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасын орындау шеңберінде 2015 жылғы 3 сәуірде Газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ мен «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арасында Қарағанды облысының көмір бассейнінің Шерубай-Нұра учаскесіндегі метанды барлау жөніндегі жобаны іске асырудағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Кеңеске «ҚазТрансГаз» АҚ, «Сарыарқа» ӘКК» ҰК, облыстық әкімдіктің өкілдері, сондай-ақ облыстық басқармалар мен ұйымдардың басшылары қатысты. Жобаны іске асыру шеңберінде істелген жұмыс туралы есеп тыңдалды және 2015-2016 жж. арналған жоспар ұсынылды. Кеңестің қатысушылары сондай-ақ, көмір қабаттарының метанын өндіру жобасын мемлекеттік қолдау мәселелерін талқылады.
«ҚазТрансГаз» АҚ өкілдері геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізу жөніндегі жұмыстар басталғанын айтты. Бұдан басқа, метанды барлау мен өндірудегі озық технологияларды зерделеу, сондай-ақ жобаны одан әрі өнеркәсіптік іске асыру үшін ағымдағы жылдың сәуірінде компанияның қызметкерлері Қытай мен Үндістанның осы бағытта табысты еңбек етіп жатқан өндірістік объектілеріне барды. PetroChina Coalbed Methane Company Limited және Essar Group басшылығымен келіссөздер жүргізілген болатын, оның барысында компаниялар өкілдері көмір қабаттарынан метанды өндіру жөніндегі қазақстандық жобаларды іске асыруға қызығушылығы мен әзірлігін білдірді.
Метанды өнеркәсіптік өндіру республиканың ресурстық базасын едәуір ұлғайтуға және бірқатар орталық облыстардың, оның ішінде Қазақстанның елордасы Астана қаласының тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, көмір қабаттарынан метанды өнеркәсіптік өндіру шахтерлердің қауіпсіз еңбегін қамтамасыз етеді, сондай-ақ көмір өндіруші кәсіпорындардың атмосфераға метан шығаруын азайту есебінен экологияға оңынан ықпал ететін болады.
“ҚазТрансГаз” АҚ – Қазақстанның газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық операторы. «ҚазТрансГаз» АҚ компаниялар тобының құрамына газ және газды қайта өңдеу өнімдерін өндіретін, тасымалдайтын және өткізетін кәсіпорындар мен ұйымдар кіреді.