Бүгін «Қараөзек» компрессорлы станциясы іске қосылды.
Құрметті әріптестер!
Бүгін «Қараөзек» компрессорлы станциясы іске қосылды.
Қызылорда облысында «Қараөзек» жоғары технологиялық газ компрессорлық станциясы пайдалануға енгізілді. Салтанатты рәсімге Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев және «ҚазТрансГаз» АҚ басшылығы қатысты.
Жаңа «Қараөзек» станциясы «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырынан 944 шақырымда орналасқан және осы жылғы сәуірде Ақтөбе облысында пайдалануға енгізілген «Бозой» станциясымен қосарлама жұмыс істеуге есептелген. Станцияның мүмкіндігі «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырының өткізгіштік қабілеттілігін 10 млрд. текше метр газға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, «Қараөзек» КС құрылысы Қазақстанның астанасы Астананы және солтүстік өңірлерді алдағы газдандыруды есепке ала отырып жоспарланған.
Станцияны іске қосу салтанатында сөз сөйлеген Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев өңір үшін осы объектінің маңыздылығын атап өтті. Облыс әкімі: «Елбасының қолдауымен басталған ірі стратегиялық маңызы бар – “Бейнеу-Бозой-Шымкент” магистралды газ құбыры Сыр өңіріне зор мүмкіндік берді, себебі облыс аумағынан өтетін 846 шақырымдық газ құбыры Қызылорда облысын «көгілдір отынмен» қамтуға жол ашты. Бұл Мемлекет басшысының бізге жасаған тікелей қамқорлығы. Аталмыш станцияның іске қосылуы – газ саласы қызметкерлерінің Астана күніне жасаған сыйы», – деді.
«Қараөзек» және «Бозой» компрессорлық станцияларынсыз, қазақстандық газдың Қытайға экспортын жүзеге асыру және елдің оңтүстігіндегі энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкін емес. Таяу күндері Қытаймен жылына 5 млрд. текше метр отандық газ экспорты туралы меморандумға қол қойылды. Бұдан басқа, ҚазТрансГаз «Қарөзекті» салу мерзімін жоспарланғаннан жарты жыл ерте аяқтады және ҚазТрансГаз компаниясының ішкі резервінен газ айдаушы қондырғыларды қолдану есебінен миллиардтаған қаражат үнемдеуге қол жеткізді.
Жаңа станция газ айдаушы агрегаттармен, жаңа технологиялар негізінде әзірленген және жұмыстың күрделі режимдерінде пайдалануға арналған соңғы буындағы қосалқы жабдықтармен жабдықталған. Жобаны іске асыру шеңберінде, сонымен бірге газ құбырлары, газды есепке алу торабы және басқа да инфрақұрылымдық объектілер салынды.
Жұмыстың ең күрделі режиміне арналған америкалық «Solar Turbines» компаниясының жоғары технологиялары негізінде әзірленген үш газтурбиналық қондырғылары – станцияның негізгі элементі болып табылады. Барлық үш агрегатты пайдаланған кезде, компрессорлық станцияның өнімділігі тәулігіне 43,5 млн. текше метр газды құрайды.