«Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры (бұдан әрі-Газ құбыры) Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі құбыр жобасы болып табылады және мемлекеттің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруда маңызды рөл атқаруы тиіс. Президент Н. Назарбаевтың 2008 жылғы 6 ақпандағы Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес жоба еліміздің газ импортына тәуелді оңтүстік өңірлерін газдандыру мақсатында іске асырылуда. Газ құбыры көгілдір отынның импорттық жеткізілімдерінен толық бас тартуға мүмкіндік береді, елдің ішкі нарығына энергия ресурстарын жеткізудің тұрақтылығын және газ экспортының Қазақстан Республикасынан тыс әртараптандырылуын қамтамасыз етеді. Газ құбырын салу және пайдалану Қазақстанның бірқатар өңірлері үшін макроэкономикалық және әлеуметтік әсер етеді, әлеуметтік салаға және өндіріске қосымша инвестицияларға алып келеді.
Жоба бұрын жасалған мемлекетаралық келісімдерге, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен Қытай ұлттық мұнай корпорациясы арасындағы уағдаластықтарға сәйкес Қазақстан мен Қытаймен бірлесіп жүзеге асырылады. Осы келісімдердің ережелерін орындау үшін 2010 жылдың желтоқсанында «Бейнеу-Шымкент Газ Құбыры» ЖШС құрылып, оған жобалау компаниясының функциялары берілді. ЖШС Қазақстан заңнамасына сәйкес екі мемлекеттің тең үлестік қатысуы негізінде құрылды. Қазақстан тарапынан құрылтайшы ретінде «ҚазТрансГаз» АҚ, Қытай тарапынан – Trans-Asia Gas Pipeline (акционер — CNODC компаниясы, CNPC еншілес кәсіпорны) әрекет етеді. Біздің компанияның жарғылық капиталы 1 млрд долларды құрайды, ол Қазақстан мен Қытайдың бірдей мөлшердегі жарналарынан құрылған.
Диаметрі 1067 мм магистральды газ құбырының бағыты Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Түркістан облыстарының аумағы арқылы өтеді. Жобаны іске асыру бірнеше кезеңде жүзеге асырылды.
9,8 МПа жобалық қысыммен өткізу қабілеті 6 млрд. текше метрге дейінгі бірінші кезең Ақтөбе облысының Шалқар ауданындағы «Бозой» ГӨС – тен Түркістан облысының Сайрам ауданындағы «Ақбұлақ» ГӨС-ке дейінгі газ құбырының жалпы ұзындығы 1143,2 км желілік бөлігін және «Бозой» газ өлшеу станциясын (бұдан әрі-ГӨС) және газ құбыры инфрақұрылымы объектілерін (Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы КС-1 компрессорлық станциясы және «Бозой» вахталық кенті, Қызылорда облысындағы «Сексеуіл», «Ақсуат» және «Қараөзек» жөндеу – пайдалану учаскелері (бұдан әрі-ЖПУ) және Түркістан облысындағы «Шорнақ» ЖПУ), сондай-ақ Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Түркістан облыстарының аумағы бойынша газ құбырының технологиялық процесін автоматтандырылған басқару жүйесін (бұдан әрі – ТБАЖ) және телекоммуникациясын (талшықты-оптикалық байланыс желісі) салуды қамтиды.
2013 жылғы желтоқсанда газ құбырының жалпы ұзындығы 1143,2 км желілік бөлігі мен «Бозой» ГӨС пайдалануға берілді. Оның шеңберінде Түркістан облысы Сайрам ауданындағы «Ақбұлақ» ГӨС, КС-1 компрессорлық станциясы және Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы «Бозой» вахталық кенті пайдалануға берілді.
Өткізу қабілеті 10 млрд.текше метрге дейін, жобалық қысымы 7,4 Мпа болатын екінші кезең Маңғыстау облысының Бейнеу кентінен Ақтөбе облысының Бозой кентіне дейін жалпы ұзындығы 306,3 км газ құбырының желілік бөлігін, Қызылорда облысындағы «Қараөзек» КС-4 компрессорлық станциясын, Маңғыстау облысындағы «Бейнеу» ГӨС, сондай – ақ Қызылорда қаласындағы орталық диспетчерлік басқарудың ТПАБЖ (бұдан әрі-ОДБ) және Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Түркістан облыстарының аумағы бойынша газ құбырын салуды қамтыды.
2016 жылғы желтоқсанда газ құбырының Маңғыстау облысының Бейнеу кентінен Ақтөбе облысының Бозой кентіне дейінгі жалпы ұзындығы 306,3 км желілік бөлігі пайдалануға берілді. Оның аясында 2017 жылғы 29 қарашада Қызылорда облысындағы «Қараөзек» КС-4 компрессорлық станциясы пайдалануға тапсырылды.
2018 жылдың қараша айында Қызылорда қаласында орталық диспетчерлік басқарма (ОДБ) пайдалануға берілді. 2019 жылы «Қорқыт Ата», «Арал» және «Түркістан» компрессорлық станциялары пайдалануға берілді. Бозой – Шымкент учаскесінде газ құбырының қуаттылығы жылына 13 млрд м3 дейін жеткізілді; жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірленді және Бейнеу-Бозой учаскесінде «1А» төртінші компрессорлық станция құрылысы бойынша негізгі жабдықты сатып алу жүргізілуде, аяқталу мерзімі-2020 жыл; техникалық-экономикалық есеп әзірленді, қатысушылармен ЖСҚ келісілді, оған сәйкес қолданыстағы «Бозой» компрессорлық станциясын, «Ақбұлақ» және «Бейнеу» газ өлшеу станцияларын кеңейту көзделеді.
Бейнеу-Бозой-Шымкент магистральдық газ құбыры Қазақстан-Қытай газ құбырының екінші учаскесі болып табылады. Газ құбыры батыстағы мұнай және табиғи газ кен орындарын елдің оңтүстік өңірлерімен, сондай-ақ Бұхара газды өңірі – Ташкент-Бішкек- Алматы және Газли-Шымкент магистральдық газ құбырларымен және Орталық Азия-Қытай газ құбырының «С» желісімен байланыстырады. БШГҚ нақты ұзындығы – 1 449,503 км, ал өткізу қабілеті – жылына 13 млрд м3 құрайды. Болашақта газ құбырының қуатын 15 млрд текше метрге дейін арттыру жоспарлануда, оның ішінде табиғи газды қазақстандық Өріктау және Жаңажол кен орындарынан Қытайға экспорттау мақсатында.
Салынып жатқан газ құбыры – Қазақстанның оңтүстігін отандық табиғи газбен қамтамасыз етуге бағытталған аса маңызды стратегиялық жоба. Жоба қазақстандық газдың экспорттық жеткізілімдерін әртараптандыруға мүмкіндік береді, Қазақстан Республикасының энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, бірыңғай газ тасымалдау жүйесін құрады. Оны табысты іске асыру мақсатында Қазақстандық жеткізушілер мен өндірушілердің әлеуеті толық көлемде пайдаланылады. Басымдылық оларға беріледі. Құрылыс және пайдалану барысында жоба мыңдаған жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік берді, бұл да ел экономикасының түрлі салаларының дамуына ықпал етеді.