ҚМГ мен «Петровьетнам» Маңғыстау облысында көмірсутегі шикізатын бірлесіп барлау туралы уағдаласты.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ (ҚМГ) мен «Петровьетнам» вьетнам мұнай-газ корпорациясы Маңғыстау облысында көмірсутегі шикізатын барлау және өндіру саласындағы ынтымақтастық туралы уағдаласты, деп көрсетіледі ҚМГ хабарламасында.
Құжатқа сәйкес, Вьетнам Президенті Чыонг Тан Шангтің Қазақстанға ресми сапары шеңберінде Вьетнам делегациясы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ орталық кеңсесінде болды. ҚМГ-дағы келіссөздердің қорытындысы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою болды.
«Компаниялар арасында жасалған өзара түсіністік туралы меморандум Қазақстан Республикасының аумағында Маңғыстау облысының құрлығында орналасқан бос учаскеде көмірсутек ресурстарын барлауға, игеруге және өндіруге әлеуетті бірлесіп қатысу үшін негіз қалауда», – делінген баспасөз парағында.
Тараптар көмірсутек шикізатын барлау және өндіру саласында екіжақты ынтымақтастықты дамытуға ниетті. «Петровьетнам» мұнай және табиғи газды барлауда, игеруде және өндіруде тәжірибесі бар мұнай-газ компаниясы ретінде Қазақстан аумағында көмірсутек шикізатын барлау мен өндіруді жүргізуге қызығушылық танытты.
Бұған дейін, ағымдағы жылдың шілде айында компаниялар техникалық қызметтер көрсету туралы келісімге қол қойды, оған сәйкес ҚМГ «Петровьетнам» корпорациясына тиісті қызметтер көрсетеді. Көрсетілген қызметтердің нәтижесі зерттелетін учаскеде одан арғы барлау жұмыстарының перспективаларын анықтау болады.
«Белгілі бір координаттар шегінде учаскенің перспективасы анықталған жағдайда компания меморандум шарттарына сәйкес бірлескен жұмысты жалғастырады және негізгі коммерциялық, техникалық және келісім-шарт жағдайлары бойынша келіссөздер жүргізеді», – делінген хабарламада.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ – Қазақстанның мұнай-газ саласында мемлекеттің мүддесін білдіретін көмірсутектерді барлау, өндіру, өңдеу және тасымалдау жөніндегі қазақстандық ұлттық оператор. ҚМГ акцияларының 100%-ы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ға тиесілі.