Ақтөбе облысында тағы бір ірі аудан орталығы газдандырылды
БАСПАСӨЗ-ХАБАРЛАМАСЫ
Ақтөбе облысы, Ырғыз кенті |
23 қараша 2016 ж. |
«ҚазТрансГаз» АҚ Ырғыз ауданының орталығы Ырғыз кентіндегі көшеаралық және жеткізуші газ құбырының құрылысын аяқтап, 6 000 тұрғынды «көгілдір отынмен» қамтамасыз етті. Инвестициялық жоба Ұлттық оператордың Ақтөбе облысының елді-мекендерін газдандыру және газ тарату жүйелерін жаңғырту аясында жүзеге асырылды.
Ырғыз кентін газдандыру барысында автоматтандырылған газ тарату станциясы, блокты газ реттеу пункті, 38 шкафты газ реттеу пункті, 164 км жеткізуші газ құбыры мен 53 км жуық көшеаралық газ құбыры салынды. Бұл нысандар ауылдың 6 000 тұрғынын, 1 300 тұрғын үй мен 59 коммуналдық-тұрмыстық және әлеуметтік нысандарды табиғи газбен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Салтанатты шарада сөз алған Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе облысы – елімізде қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі екенін атап өтті. «Облыста көптеген ірі өндіруші мұнайгаз компаниялары жұмыс істейді. Облыстың ел бюджетіне қосып жатқан үлесі ауқымды. Халық саны артып келеді, соның нәтижесінде энергоресурстарға деген қажеттілік артуда. Бүгін ҚазТрансГаз компаниясы аса маңызды бірнеше нысанды іске қосты. Бұл Ырғыз секілді ірі аудан орталығын «көгілдір отынмен» толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Ақтөбе өндірістік филиалының директоры Аманжол Тәжіғалиев елімізді газдандыру жөнінде Елбасы жүктеген міндеттер толықтай орындалып жатқанын жеткізді. «Биылға жоспарланған Ақтөбе облысын газдандыруға қатысты барлық жұмыстар жүзеге асырылып, аудан орталықтары толықтай табиғи газға қосылды. Ақтөбе өңірінің сарышұнақ аязы баршаға аян. Біздің Компания осындай суық күндері адамдар тоңбас үшін еңбек етуде. Бүгін тағы бір ірі елді мекен табиғи газ жүйесіне қосылд, ұлы дала қуатын алды. 6 000 жуық адам өз үйінде жайлылық пен жылу сезеді. Инвестициялық жобаға сәйкес, 2030 жылға дейін елді мекендердің барлығына дерлік газ барады».
«Республикалық газ саласы ардагерлерінің кеңесі» ҚБ Ақтөбе филиалының директоры Бағдат Алдабергенов жиналған қауым алдында істелген жұмыстарға көз тоятынын жеткізді. «ҚазТрансГаздың» осындай салтанатты шараға шақырғанына көптен-көп рахмет. Мен көп жылдар бойы газ саласында еңбек еттім, сондықтан халықтың көгілдір отынды асыға күтетінін, газ қосылғанда қаншалықты қуанатынын жақсы білемін. Осындай салтанатты шараға қатысып тұрып, Отанымыз Қазақстан үшін, газ саласы үшін көкірегімді мақтаныш кернейді. Ырғыз – магистралдық газ құбырынан әлдеқайда шалғайда жатқанымен, «көгілдір отынға» қосылды. Ал бұл Қазақстанымыздың өркендеу жолында еш аянып қалмайтын газ саласы қызметкерлерінің ерен еңбегінің арқасында жүзеге асты».
Ауылда газ бірінші болып «Алтын Алқа» иегері Зәуреш Нақыпбекованың үйіне берілді. Зәуреш Нақыпбекова, «Алтын Алқа» иегері: «Бүгін біз үшін айтулы күн. Тұңғыш Президент Күні, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында біздің ауылымызға газ берілді. Демек, біздің еліміз дамып келеді, Елбасы әрдайым халық қамын ойлайды деген сөз. Енді күндіз-түні үйіміз жылы. Әсіресе немерелеріме жақсы болды. Осындай үлкен сыйлық жасағаны үшін «ҚазТрансГаз» компаниясынап көп-көп рахмет».
Анықтама: “ҚазТрансГаз” АҚ – Қазақстанның газ және газбен қамту саласындағы Ұлттық операторы. “ҚазТрансГаз” АҚ Компаниялар тобына газ өндіретін және оның өнімдерін тасымалдап, жеткізумен айналысатын кәсіпорындар мен ұйымдар кіреді.
«ҚазТрансГаз» АҚ баспасөз қызметі
+7 7172 55 23 16